Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданының полиция басқармасында егіздердің үш жұбы қызмет етеді деп хабарлайды Dalainform тілшісі салалық газетке сілтеме жасап.
Олар – Арнат пен Архат Аман, Альмира мен Гүлмира Мырзакенова және Ерлан мен Ербол Қасымхановтар.
Әр жұптың сырт келбеттері ұқсас болғанымен, мінез-құлықтары тым бөлек деп жазады басылым. Әріптестері оларды әлі де шатастырады екен, тіпті ренжітіп алмау үшін қос атты бірге айтатын көрінеді.
Гүлмира мен Альмира 34 жаста, екеуі де полиция майоры, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор болып жұмыс істейді. Егіздер ішкі істер саласында 2005 жылдан бері қызмет етіп келеді, ал елордамызға осы жылдың шілде айында ғана ауысып келіпті. Бір күнде дүниеге келген арулар бір-бірінен бір сәтке де ажырамаған. Семей қаласының тумалары орта мектепті тәмамдаған соң ҚР ІІМ-нің Ақтөбедегі заң колледжіне (қазір институт) оқуға түседі. Қызметтік жолын да Өскемен қаласында инспектор болып бірге бастаған екен. Астанаға ауысқанға дейін Альмира да, Гүлмира да түзеу мекемесінің әйелдер колониясында бірі жасақ бастығы, бірі теолог-инспектор болып қызмет еткен.
«Біз ішкі істер саласында қызмет етіп, погон таққанымызды мақтан етеміз. Әсіресе, ата-анамыз жетістіктерімізге ерекше қуанады. Біз ювеналдық полиция бөліміндегі қызметке дейін әйелдер колониясында жұмыс істедік. Ол жақтағы жауапкершілік те, жұмыс пен міндет те өзгерек еді. Мен адам өлтірген қылмыскерлермен жұмыс істесем, әпкем террористермен және жат діни ағымда жүргендермен тығыз жұмыс істеді. Ол жақтағы жұмыс үлкен психологиялық дайындық пен стресске төзімділікті талап ететін, – дейді Гүлмира.
Қазір Альмираның он жасар қызы мен алты жасар ұлы бар, ал оның 15 минут кіші сіңлісі Гүлмира әлі тұрмыс құрмапты.
Сақшы қызметіне жаңадан орналасқан Архат пен Арнат – криминалистер. Жас мамандар ақпан айында құқық қорғау мекемесіне тәжірибеден өтуге келіп, пандемияға байланысты карантин басталып кеткен соң, осы жерде қалыпты. Екеуі де Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының түлектері. Арнат пен Архат Жамбыл облысының Меркі ауданында туған. 2004 жылы отбасыларымен бірге елордаға қоныс аударыпты. Аналары “Ең болмаса, балаларымның біреуі шенді болса екен” деп армандапты. Аяулы аналарының тілегін бала күндерінен естіп өскен егіздер 7-сыныпты аяқтаған соң республикалық “Жас Ұлан” мектебіне тапсырған екен. Орта мектепті бітіргеннен кейін академияда білімдерін шыңдаған.
«Біз әскери тәртіпке мектеп кезінен дағдыландық. Ең бастысы, жұмысымыз екеумізге де ұнайды. Өмірдің әр сатысына бірге шығып келеміз. Ер бала болғандықтан ба, әлде жаратылысымыз солай ма, білмеймін, кей егіздер сияқты бір-бірімізді қатты сеземіз деп айта алмаймын. Мысалы, Арнат ауырғанда, менде ешқандай өзгеріс болмайды. Яғни физиология тұрғысынан осылай. Ал тамаққа талғамымыз, өмірге көзқарасымыз бірдей, егіз», – дейді Архат.
Бір қызығы, Архат пен Арнаттың Айдын және Айдан есімді егіз інілері бар екен. Болашақта ата-анасына өз қолдарымен үй салып, армандарын орындауды мақсат тұтады. Кезекшілікте бір-бірін алмастырып жүретін егіздерді әріптестері ұдайы шатастырады екен.
Сарыарқа ауданының полиция басқармасында қызмет ететін үшінші егіздер, 23 жастағы қос азамат Ерлан пен Ербол – аға лейтенанттар, учаскелік полиция инспекторлары. Тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Мектепте оқып жүргенде “Жас ұлан” республикалық мектебіне қабылдау жүріп жатқаны туралы роликті көрген олар алдарына мақсат қояды. Алайда бірнеше жыл қатарынан бақ сынап көрген олар тек үшінші талпынысында оқуға қабылданады. Армандарына адал болған олар республикалық мектепті ойдағыдай аяқтап, ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына түсіп, жоғарғы білім алады.
«Мектепте оқып жүрген кезімізде біз кішкентай ғана бөлмеде тұратынбыз. Спорт мектебіне барып, жаттығып жүрдік. Содан бір күні жаттығудан келген соң бейнероликтен «Жас Ұлан» мектебіне қабылдау жүріп жатқанын білдік, бақ сынап көрдік. Алғашқы екі ретінде түсе алмадық, үшінші рет тапсырғанда оқуға қабылдандық. Ең қызығы, Архат, Арнат, Ербол төртеуміз қатар сыныптарда оқығанбыз», – дейді Ерлан.