Мемлекет басшысының жарлығымен экс-министр Асқар Жұмағалиев жаңа қызметке тағайындалды, деп хабарлайды DalaInform Ақордаға сілтеме жасап.
«Асқар Қуанышұлы Жұмағалиев Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі, химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі қызметін қоса атқарушы қызметіне тағайындалды», – делінген жарлықта.
Асқар Қуанышұлы Жумағалиев 1972 жылғы 2 тамызда Орынбор облысында туған.
Алматы энергетикалық институтын (1996 ж), Қазақ ұлттық техникалық университетін, Қазақ гуманитарлық-заң университетін (2002 ж) бітірген. Лозаннадағы Швейцария федералды технологиялар институтының электронды басқару магистрі.
Еңбек жолын 1996 жылы «Жарық» ЖШС бас директоры боп бастаған. Түрлі министрлік, агенттік, акционерлік қоғамда жұмыс істеп, оларды басқарған.
2017-2019 жылдары – премьер-министр орынбасары – қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі. 2019 жылғы ақпаннан маусымға дейін цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі. 2019 жылғы маусымнан 2020 жылғы шілдеге дейін цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.