Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шахтасында апат орын алды деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
«2021 жылғы 13 қаңтарда сағат 21.53-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Ленин атындағы» шахтасында (горизонты 340, тереңдігі 840 метр) барлау ұңғымасын бұрғылау кезінде метан газы мен көмірдің ұсақ фракциялары бөлінді», делінген ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан мәліметте.
Бұл күні үш жұмысшы, атап айтқанда бұрғылау қондырғысының машинисі, машинистің көмекшісі, сондай-ақ желдету және қауіпсіздік техникасы учаскесінің тау-кен шебері ұңғыма түбінде барлау жұмыстарын жүргізіп жатқан.
Тау-кен шебері мен машинистің көмекшісі апат орнынан дереу кетіп қалғанымен, машинист ұңғыма түбінен шыға алмай қалып қойған.
Жағымсыз жайт кезінде шахтада үшінші ауысымның 137 қызметкері болған. Олардың 136-сы жер бетіне шығарылды.
Кәсіпорынның авариялық-құтқару қызметі келгеннен кейін дереу шахтаға түскен. Сағат 23.00-де аэрогазды бақылау аппаратурасының көрсеткіштеріне сәйкес, шахтаның тау-кен қазбаларындағы газ жағдайы қалыпқа келген. Авариялық-құтқару қызметінің бөлімшесі ұңғыма түбіндегі тау-кен массасын тазалауда.
«Зардап шеккен бір адамды іздестіру жұмыстары жалғастырылуда. Іздестіру жұмыстарына шахтаның 17 қызметкері мен авариялық-құтқару қызметінің екі бөлімшесі (16 адам) жұмылдырылды», – дейді министрліктің ресми өкілі Талғат Уәли.
Аталған апатты тексеру үшін ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің жанында комиссия құрылды.
Қарағанды облысының әкімдігі оқыс оқиғаның мән-жайы арнайы тергеп-тексеру жұмыстары аяқталғаннан кейін айқындалып, ол туралы қосымша хабарланатынын жеткізді.