Таяуда 25-жылдығын атап өткен Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архиві. Біз ол туралы не білеміз? Архивте қандай құнды деректер бар? Олар қалай сақталған? Құпия құжаттар бар ма? Танымал азаматтардың қайсы өз мәліметтерін архивке тапсырды? Осылар жайлы, өзі және жұмысы жайында DalaInform тілшісіне астананың мемлекеттік архиві ведомстволық архивтер жинақтау қызметі басшысының орынбасары Айкен Махметова айтып берді.
«Мен екі училищеде «мәдени-ағарту жұмысының ұйымдастырушысы» және «бастауыш сынып мұғалімі» мамандықтары, ал Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде «қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі» мамандығы бойынша білім алдым.
Еңбек жолымды 1987 жылы Лебяжі аудандық мәдениет үйінде әдіскер ретінде бастадым. Одан кейін сегіз жыл бойы мектепте мұғалім боп істедім. Ал 2001 жылдан бастап Целиноград ауданының мемлекеттік архивінде I-ші санатты архивист болдым. Алты жылдан соң Астана мемлекеттік архиві ведомстволық архивтерді жинақтау мен іс жүргізу бөліміне – жоғары санатты, жоғары біліктілік деңгейіндегі архивисі боп қабылдандым. Сосын бөлім басшысы мен архив қоймасының меңгерушісі атандым. Ал қазір Нұр-Сұлтан мемлекеттік архиві қызметі басшысының орынбасарымын.
Архив саласындағы жұмыс кезінде номенклатура, тізімдеме, акт, ереже сияқты құжаттардың шамамен 1 000 000 беті, яғни парағымен таныстым. Атқарған еңбегім үшін әкімдер мен архивтің бірінші басшыларынан грамота және алғыс хаттар алдым.
Қазір мағлұмат дереккөздерімен жұмыс істеймін. Әділет органы, прокуратура, сот пен басқа жергілікті атқарушы билік органдарына әдіскерлік әрі практикалық көмек көрсетем. Яғни, ақпарат жинаймын, қажет болған жағдайда оны ұсынамын.
Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архиві Қазақстанның басқа осындай архивтерінен біршама кеш құрылды. Оның ашылуы астананың көшірілуімен тікелей байланысты. 1995 жылғы 23 қарашадағы Ақмола қаласы әкімінің шешімімен, Ақмола (Целиноград) облысы мемлекеттік архиві қорын толықтырған Ақмола қаласының жеке құрам бойынша архиві базасында – Ақмола мемлекеттік архиві құрылды. Бастапқыда елордалық архив пен Көкшетаудағы Ақмола облысы мемлекеттік архиві арасында ұйым құжаттарын бөлу, оларды қорларға іріктеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді».
Нұр-Сұлтан мемлекеттік архиві балансында 5 ғимарат бар:
негізгі қойма, 1977 жылы салынған, Әуезов 3 мекенжайында орналасқан;
«Көпес Василий Кубриннің үйі», елорданың тарихи-мәдени мұрасы тізіміне кірген ғимарат 1910 жылы салынған, Кенесары 41;
екі қабатты әкімшілік ғимарат, Сейфуллин көшесі 56/2
уақытша архив қоймасы және электронды оқу залы, 2011 жылы бой көтерген, Қалдаяқов 13-те орналасқан;
уақытша архив қоймасы, мекенжайы: Бейсекпаев көшесі 3.
Көпес Василий Кубриннің үйіКөпес Василий Кубриннің үйі. Нұрмұхамат Имамовтың жеке коллекциясы
«Біздің архив бірегей құнды мәліметтерге ие, бұларсыз Қазақстан тарихын елестету мүмкін емес. Олар 1737 жылдан бүгінге дейінгі – революция, кеңес одағының қалыптасуы, ұжымдастыру, ашаршылық, 1941-1945жж. соғыс кезіндегі тыл өмірі, көшіру, жер аудару, тың игеру, қалаларды дамыту, ауыл шаруашылығы, ғылым, мәдениет, білім мен денсаулық сақтау құжаттарындағы ақмолалықтардың саяси, экономикалық, мәдени өмірі жайлы деректер.
Қазақстан тәуелсіздігінің жарқын кезеңдерінің бірі елорданың бірегей тарихи құжаттарында суреттелген. Олар – президенттің астананы көшіру, оның атауын өзгерту, арнайы экономикалық аймақ құру туралы жарлықтары. Бұған қоса жаңа астананың қарқынды дамуының куәсі болған құжаттар мен кинодеректер бар.
Жеңіс даңғылы бойындағы «Пуча» дүкені. Нұрмұхамат Имамовтың жеке коллекциясыТеміржол вокзалы. Нұрмұхамат Имамовтың жеке коллекциясы
Бүгінгі кезде Нұр-Сұлтан қаласы архиві дереккөздерінің кеңейтілген тізімі қалыптасты. Оған 339 дереккөз, яғни ұйым кіреді. Бұдан бөлек жеке мағлұматтар архивін жинақтау бойынша үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Архивімізде 90 жеке қор құрылған.
Олар соғыс ардагерлері, мәдениет, өнер, спорт қызметкерлері, журналистер, жазушылар, ғалымдар және елорданың дамуына мол үлес қосқан тағы басқа танымал тұлғалардікі. Міндетіміз – осындай қорларды толықтыру әрі көбейту.
Мысалы бізде танымал өлкетанушы, зерттеуші, соғыс ардагері Нұрмұхамат Имамовтың қоры бар. Оның фотосуреттері бүгінге дейін үлкен сұранысқа ие.
Нұрмұхамат Имамов
Сондай-ақ ақын, жазушы, драматург, сатирик, режиссер, сценарист, актер әрі жүргізуші Баянғали Әлімжановтың қоры жинақталған.
Одан кейін боксшы, чемпион, Қазақстанға еңбегі сіңген спорт қайраткері Серік Сәпиевтің қоры бар. Сәпиев архивке өз наградаларын тапсырған алғашқы чемпион. Оның 300-ден астам материалы бізде сақтаулы. «Барыс» хоккей клубы да топтамамызда өз орнын тапты. Олар да өз спорттық архивін алғаш рет ашты. Ал «Барыс» Нұр-Сұлтан мен Қазақстанның бетке ұстар клубы екенін бәріміз білеміз. Тағы қосарым, архив «Астана жылнамасына өз атыңды жаз» атты республикалық акцияны тұрақты түрде өткізеді.
Құжаттардың жалпы саны 718 қорды құрайды. Олар – 382 мыңға жуық дана сақтаулы зат, шамамен 50 миллион бет. Құжаттар 1737-2020 жылдар аралығын қамтиды. Олардың шамамен 70%-ы өше бастаған жазу немесе контрасты төмен мәтіннен тұрады. Сондықтан 2020 жылы көне, ерекше құнды құжаттарды қалпына келтіретін зертхананы іске қостық.
2021 жылғы жағдайға сай, 20-ға жуық қор, 47 мыңнан астам дана сақтаулы зат, 3,5 миллион бет цифрланған.
Біз енді әлем архивтері цифрлық картасында бар екенімізді атап өткім келеді. Сонымен қатар айтарым – архивімізде құпия мәлімет жоқ.
Біз құжат сақтаудың барлық талабын ескеріп, қоймалардағы температура-ылғал режимін бақылаймыз, жоспарға сәйкес тазалаймыз. Жұмысты арнайы форма: халат және «перчатки» киіп істейміз.
Бұнымен қоса күнделікті жұмыста қолданатын арнайы терминдеріміз де бар. Көбі оларды түсінбейді. Мысалы бізде «времянка» сөзі уақытша сақталатын құжаттарды білдіреді.
Бізге Қазақстаннан немесе шетелден әлеуметтік-құқықтық сипаттағы өтініштер түсіп тұрады. Біз соларды орындаймыз. Мыңдаған азамат түрлі сұрақпен хабарласады, олардың мәселелерін шешеміз.
Пандемия архив жұмысына өзгерістер әкелді – қызметкерлердің көбі қашықтан жұмысқа, ал шараның бәрі онлайн режимге көшті.
Біз интернет кеңістігінде, әлеуметтік желілерде белсендіміз, БАҚ-пен жұмыс істейміз. Сайтымыздан да барлық қажетті ақпаратты табуға болады.
Архивтердің міндеті – құжаттарды сақтап қана қоймай, сарапшылар мен қоғам үшін оларға деген қолжетімділікті қамтамасыз ету. Мен тарихымыздың сақталуына үлес қосу мүмкіндігіне ие болдым, сонымен мақтанамын».