Ақтөбеде 60 жастағы депутат 15 жастағы қызбен қатынаста болды деп айыпталғаны белгілі. КТК арнасы осы оқиғаға қатысты ақпарат жариялады, деп хабарлайды DalaInform.
Жасөспіріммен жақын қатынаста болды деп айыпталған облыстық мәслихат депутаты қамауға алынды. Осы оқиғадан кейін бірден «Нұр Отан» партиясынан шығарылған Аркадий Ни депутаттық мандатынан да айырылады. Ал депутат әрі өңірге белгілі кәсіпкерден жәбір көрген жасөспіріммен психологтар жұмыс істеп жатыр. Қалталы кәсіпкердің құрығы жетпеу үшін құзырлы органдар қызды құпия жерге жасырып ұстауға мәжбүр деген де ақпарат бар. Полицияның өзі мәліметтерді жасырып әлек.
Аркадий Ниге дәл қазір партия түгілі бас қайғы. Ол үш күннен бері тергеу абақтысында жатыр. Ақтөбеде қазір кәсіпкердің атынан ат үркеді деуге болады. Оның жас қызбен жыныстық қатынасқа түскені кешелі-бері ақпарат құралдарында жарияланып жатыр. Алайда полицейлердің ықпалды азаматтың атын атауға дәті жетпейтін сыңайлы.
«Ақтөбе облыстық полиция департаменті Ақтөбе қаласының азаматына қатысты қылмыстық істі тергеуде. Қазір күдікті қылмыстық кодекске сәйкес қамауға алынды», – деді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Аркадий Ни бірер айда 60 жасқа толады. Ол кәмелетке толмаған баламен ойнас құрды деген күдікке ілінуі сол еді, партия белді мүшесінен бір сәтте бас тартты. Тергеу енді басталғанымен, билік партиясы өз шешімін шығарып үлгерген.
«Ақтөбе облысы мәслихатының депутаты Аркадий Нидің заңға қайшы іс-әрекет жасады деген күдікпен ұсталу фактісі филиалдың партиялық бақылау комиссиясының отырысында қаралып, саяси кеңес бюросында партиядан шығару туралы ұсыныс түсті. Саяси кеңес бюросының қаулысымен Аркадий Ни партия қатарынан шығарылды», – деді Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бағжан Тілегенов.
Ақтөбе облыстық білім басқармасының мәліметінше, бойжеткен қала мектептерінің бірінде оқиды. Отбасында одан бөлек бірнеше бала бар, оларды шешесі жалғыз асырап отыр. Басқа мәлімет тергеу құпиясына байланысты айтылмады. Қазір бойжеткен жасырын жерге жеткізіліп, психолог мамандардың қарауына алынған көрінеді.
«Жәбірленуші – бір қыз. Қазір іс қаралып жатыр, мен нақты айта алмаймын. Ол қазір қауіпсіз жерге орналастырылды. Баламен арнайы мамандандырылған психологтар жұмыс істеп жатыр. Оның көңіл-күйі жақсы, психологиялық ауытқуы жоқ», – деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Райхан Нұрқожаева.
Желіде тарап жатқан түрлі ақпарат көзінің мәліметінше, Аркадий Ни қыздың пәктігі үшін 1 миллион теңгені оның шешесіне берген. Кейін мұнысын әдетке айналдырып, әр жыныстық қатынасқа 50 мың теңгеден төлеп тұрыпты-мыс. Дегенмен депутаттың адвокаттары мұның барлығы жала екенін айтып, ақталып жатыр. 2006 жылдан бері тамақ өндірісімен айналысатын мекемені ірі компанияға айналдырған кәсіпкер Ақтөбедегі теннис федерациясының да ресми өкілі. Сондықтан құзырлы органдар тергеу құпиялығын желеу етіп, істегі мәліметті шашау шығармай буып ұстап отыр.