Азаматтық белсенділер желтоқсан және жаңаөзен оқиғалары құрбандарын еске алу үшін Алматыда Республика алаңында Тәуелсіздік монументі маңында жиналды, деп хабарлайды DalaInform.
«Қуғын-сүргінді тоқтату керек. 16 желтоқсан қаза тапқандарды еске алу үшін қаралы күн болып жариялануы тиіс. Тәуелсіздік күні – тәуелсіздік туралы декларация қабылданған күн, яғни 25 қазан», – деді Жанболат Мамай.
Сондай-ақ жиналғандар саяси реформаларды талап етіп, алдағы сайлауға бойкот жариялауға шақырды. Ресей депутаттарының Қазақстан жері мен елдің аумақтық тұтастығына қатысты айтқандарына да наразылық білдірді.

Алаңға келгендер арасында тіркелмеген Демократиялық партия басшысы Жанболат Мамай және партия мүшелері, Oyan Qazaqstan қозғалысының қатысушылары бар. Қозғалыс қатысушылары маршпен жүріп өтпек болды, бірақ Назарбаев даңғылына жетерде олардың жолын жедел қимылдайтын арнайы жасақ жауынгерлері бөгеді. Қоршаудағы белсенділер «Оян, Қазақстан», «Нұр Отан ұрылары», «Заң деген – халық», «Біздің құқымыз бар», «Биліктің жалғыз көзі – халық», «Біз бейбіт азаматтармыз», «Ұмытылмас, кешірілмес» деп ұрандатты. Мамай өз жақтастарына «жастарға» көмектесуге баруды ұсынды, дегенмен оларды да жасақ қоршауға алды. Жиналғандар арандатушылық болғанын жеткізді. Бірақ алаңға келген әкім орынбасары Ержан Бабақұмаров жергілікті биліктің арандатумен айналыспайтынын әрі бұндай фактілер тексерілетінін айтып, сендірді.
Акцияның тікелей көрсетілімін Facebook-тен қарауға болады.