Алматының тәртіп сақшылары күшейтілген қызметке ауысты, деп хабарлайды DalaInform құқық қорғаушылар сайтына сілтеме жасап.
Бұл шаһарда «Қауіпсіз жол» республикалық жедел алдын-алу іс шарасының өтуімен байланысты.
«Екі күндік шара (22-24 қыркүйек аралығында) жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және азайтуға бағытталған. Оның мақсаты – алдын-алу жұмыстарын күшейту мен жол пайдаланушылары арасында жол қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылау, тиісті қоғамдық тәртіпті, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларын азайту. Шара күндері жеке құрам күшейтілген режимде қызмет етеді. Сондай-ақ «Қауіпсіз жол» науқаны аясында жолаушылар әрі жүктерді автокөлікпен тасымалдауда жол қауіпсіздігін бақылауға ерекше назар аударылады», – деді Алматы қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жандос Мұратәлиев.
Polisia.kz мәліметінше, бөлімшеде жауынгерлік қызметтің жеке құрамына жүктелген негізгі міндет – жол ереже бұзушылықтарын анықтау және оған жол бермеу, жол ережелерін ескермейтін жүргізушілер мен өрескел бұзушылықтарды анықтау, мас күйінде көлік жүргізу, қарама қарсы бағыттағы жолға шығу, қауіпсіздік белдігін тақпау, көлікті жүргізу кезінде ұялы телефонмен сөйлесу, мемлекеттік нөмірсіз көлік жүргізу, апаттың айқын белгілері бар автокөліктерді анықтау әрі тағы басқа.
«Бұған қоса жүргізушілер және жаяу жүргіншілер арасында жол ережелерін сақтау бойынша құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Себебі жол апатына жүргізушілер ғана емес, жаяу жүргіншілер де кінәлі болады. Оларға айтқым келетіні – жаяу жүргіншілер өткелінен өтіңіздер әрі тек жасыл бағдаршам жанғанда жүріңіздер. Ал жүргізушілер өте мұқият болып, жол ережесін бұзбай, жылдамдықты сақтауы керек», – деді полковник Мұратәлиев.