Денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңес өтті деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
«Пандемия бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің мүмкіндіктерін сынап, жоспарларымызға айтарлықтай түзетулер енгізді. Ол біздің жұмысымыздың кейбір салаларының жетілмегендігін байқатып, жылдар бойы шешімін таппаған мәселелерді көрсетті. Бұған қоса, олардың ішінде сыбайлас жемқорлық көріністері де болды», – дейді денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Соңғы 15 жылда, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен медициналық сақтандыруды ұсыну, эпидемиологияға қарсы күресуді қоса алғанда 8 есеге өскен (2005 жылы – 191,4 млрд теңге, 2020 жылы – 1,6 трлн теңге).
COVID-19 эпидемиясына қарсы күрес жөніндегі шараларға қосымша 300 млрд теңгеден астам қаржы бөлінcе, оның үштен бірінен астамы Денсаулық сақтау министрлігі арқылы игерілген. Шамамен 60 млрд теңге карантиндік іс-шараларға тартылған денсаулық сақтау қызметкерлеріне үстемеақы төлеуге және қосымша ынталандыруға бағытталған.
«Бұл қаражатты иемденіп кетуге немесе жымқыруға жол бермеу маңызды. Әр бөлінген теңге өз адресатына медициналық қызметтер, жеке қорғаныс құралдары, дәрігерлерге арналған сыйлықақы түрінде жетуі керек. Дәрігерлер өз денсаулығына қауіп төндіріп, пандемияның алғы шебінде тұрады, халыққа көмектеседі. Бұл үшін мен оларға агенттік атынан ерекше алғыс білдіргім келеді. Екінші жағынан, оң күш-жігердің әсерін сыбайлас жемқорлық жояды. Өкінішке орай, бұл құбылыс министрлікті және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарын, сондай-ақ жергілікті денсаулық сақтау басқармаларын айналып өткен жоқ», – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев.
Агенттік пен министрлік Медициналық әлеуметтік сақтандыру қорындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу туралы бірлескен бұйрыққа қол қойды. Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет осы талдауды Денсаулық сақтау министрлігінің орталық аппаратында өткізуді жоспарлап отыр. Осы орайда қоғамдық бақылауды күшейту қажет.