Музыкалық шығармаларды орындаушылар фонограмма қолданатынын көрерменге хабарлауға міндетті болады деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысында ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова айтқандай, концерт, ойын-сауық іс-шараларын өткізу кезінде туындайтын бірқатар проблемалар бар.
Орындаушылар тарапынан концерттер өткізу кезінде әдепсіз мінез-құлық көрсету, сахнада мас күйінде өнер көрсету үрдіс орын алған. Сонымен қатар жоспарланған концерттерді бұзу, әдепсіз сөздері бар репертуар таңдау, көрермендерді хабардар етпей фонограмманы пайдалану деректері жолығады.
«Осы орайда, Заң жобасы аясында орындаушылардың осындай мінез-құлық көрсетуіне жол бермеу үшін бірқатар міндеттемелерді енгізу арқылы осы мәселелерді реттеуге тырыстық. Олардың ішінде маңызды нормалардың бірі – музыкалық шығармаларды орындаушылардың фонограммаларды қолдануы туралы көрерменді хабарлау. Фонограммаларды пайдалану тәртібін заңға тәуелді актіде айқындалатын болады. Барлық жарнамалық өнімдерде және кассалар жанында міндетті түрде фонограмманы пайдалану бойынша хабарлама беріледі. Бұл көрерменге фонограмманы пайдаланумен өтетін концертке билет сатып алу немесе одан бас тарту таңдауына мүмкіндік береді және билеттің құнына да әсер етеді», – дейді министр.
Министрлік өкілдері бізге расында заңға мұндай талап енгізіліп, әншілердің әдебі реттелетінімен, бұған дейін талқыланғандай фонограмма қолдануға тыйым салынбайтынын жеткізді. Алайда құзырлы орын отандық эстрадаға қоғам наразылығынан үнемі құлағдар екендеріне сендірді.