Ағымдағы жылдың басынан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 4,4%-ға өсті деп хабарлайды Dalainform тілшісі Үкімет отырысынан.
Негізгі баға қымбаттауын қарақұмық жармасы мен қант, сәбіз бен картоп көрсеткен. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов басты себеп ретінде егістік аумағының қысқаруын атап отыр.
Жалпы жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары құнының жоғарылауы барлық аймақтарда байқалған. Дегенмен, министрдің сөзінше, тауарлардың көпшілігі бойынша ішкі нарықтағы сұраныс отандық азық-түлік тауарлары есебінен жабылған.
Сонымен қатар, тиісті тауарлардың бес түрінде бағаның төмендеуі аңғарылған. Мәселен, қырыққабақтың бағасы 21,4%-ға төмендеген.
«Құрметті Асқар Ұзақбайұлы! Біздің бағалауымызша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуі тұрақтанады және жыл соңына дейін 6%-дан аспайды. Бұл болжам барлық қолданыстағы факторларды және бағаны тұрақтандыру бойынша мемлекет қабылдаған шараларды ескере отырып жасалды», – деді Бақыт Сұлтанов.
Өз кезегінде, Үкімет басшысы Асқар Мамин, әкімдер бағаны тұрақтандыруды назарда ұстап, қажетті іс-қимылды қолға алу керектігін нұсқады.