Мал ұрлығының алдын алу, болдырмау – полицейлердің басты назарында, дейді DalaInform тәртіп сақшыларына сілтеме жасап.
Созақ аудандық полиция бөлімі тұрғынның қараусыз қалдырып, жоғалтқан өгізін тауып берді. Нақтырақ айтсақ, жергілікті тұрғын кезекші бөлімге ауласына байлап қойған малы жоғалғаны туралы арызданды. Бұл жайт бөлімде тіркеліп, сақшылар өгізді іздеуге жұмылдырылды. Мобильді топ жақын маңдағы барлық аумақты аралап, ауыл тұрғындарынан жауап алды. Жедел шаралар нәтижесінде полицейлер бірнеше сағаттан кейін малды басқа үйдің ауласында жайылып жүрген жерінен тапты.
«Тексеру барысында тұрғынның ауласы дұрыс қоршалмағаны, өгіздің тиісті қора-жайда тұрмағаны ескеріліп, мал иесіне қараусыз қалдырғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы (ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу) бойынша хаттама толтырылып, ескерту жасалды. Табылған өгіз қайтарылды», – делінген polisia ақпаратында.
Жыл басынан бері созақтық тәртіп сақшылар үй жануарларын ұстау, қарау ережесін бұзғаны үшін 117 деректі, 406-бабы (Қазақстанның ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу) бойынша 18 жайтты анықтады. Өз кезегінде Түркістан облысының сақшылары қырағы болуды, малды жайылымда қараусыз қалдырмауды ескертеді. Өйткені олар ұрылардың оңай олжасына айналуы мүмкін. Сондықтан мүмкіндігінше үй шаруашылығын сенімді қоршаумен қоршап, жануарларды таңбалау әрі сырғалау қажет. Олар жоғалған немесе ұрланған жағдайда өз бетінше іздеп, уақыт жоғалтпай, тез арада «102» полицейлер нөміріне хабарласу керек.