2021 жылдан зейнетақы қорында жеткілікті сомасы бар қазақстандықтар одан артығын шеше алады деп хабарлайды Dalainform тілшісі. Алайда әзірге тиісті заңға Президенттің қол қойғаны жарияланбады.
Мемлекет басшысы ресми мақұлдап жатса, жаңа жылдан бастап ел азаматтарына зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға (салу немесе сатып алу, ипотека қарызын өтеу, жөндеу, жер телімін алу), қымбат тұратын емделуге ақы төлеуге немесе жеке басқарушы компанияларға басқаруға беруге пайдалану құқығы берілмек.
«Алдын ала есептеулер бойынша, 30 жастағы азаматтар үшін «жеткіліктілік шегі» 2 млн 518 мың теңгені құрайды. Осы сомадан қалғанын олар жоғарыда көрсетілген қажеттіліктерге қалауы бойынша жұмсай алады. 35 жас үшін – 2 млн 961 мың теңге; 40 жас үшін – 3 млн 437 мың теңге; 45 жас үшін – 3 млн 947 мың теңге; 50 жас үшін – 4 млн 495 мың теңге; 55 жас үшін – 5 млн 084 мың теңге; 59 және одан үлкен жас үшін – 5 млн 586 мың теңге», – дейді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.
Мұғалімдердің жалақысы 25%-ға көтеріледі
…және мұндай ұстаз айлығының жоғарылауы әрі қарай жалғасын табады. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің былтырғы Жолдауында бұл мақсатқа үш жылға 1,2 триллион теңге бөлінгенін мәлімдеді. Санатқа қарай қосымша үстемеақы 50%-ға жетуі мүмкін. Мәселен 2020 жылы магистр дәрежесі үшін 27 мың теңге төлеу басталды.
Әлеуметтік қызметкерлер мен медицина жұмысшыларының да айлығын өсіру қарастырылмақ.
Зейнетақы және зейнеткерлік, жәрдемақы
1 қаңтардан бастап жасы мен еңбек өтіліне байланысты зейнеткерлер үшін зейнетақы мөлшері 7 пайызға өсіп, ең төменгі зейнетақы 43 272 теңгені құрайтын болды. Бұған базалық зейнетақы төлемін қоссаңыз, 61 796 теңгені маңайлайды. Зейнетақы сәуір айында тағы 5%-ға ұлғайып, нәтижесінде жылдық тұрғыда өсім 12%-ға жететіні күтілуде.
Айтпақшы енді ардагер елшілердің зейнетақысына ай сайын қосымша 170 мың теңгедей төлем жасалады.
Ал жалақының ең төменгі мөлшері, яғни 42 500 теңге сол күйі өзгеріссіз қалды. Ең төменгі күнкөріс деңгейі – 34 302 теңге.
Атаулы әлеуметтік көмекті алу шарты бұрынғыдай – отбасы кірісі өңірдегі күнкөрістің 70%-нан аспау керек. Сонымен қатар, еңбекке жарамды азаматтардың жұмыс істеуіне ерекше назар аударылады.
Әйелдер зейнетке 60 жасқа шығатын болды. Осылайша нәзік жандар біртіндеп бейнетінің қызығын көру үшін 63 жаста аттанатын ер адамдармен теңеседі.
Сонымен қатар, 2021 жылдан бастап, бірінші немесе үшінші баланың тууына берілетін бірреттік жәрдемақы 105,5 мыңнан 110,8 мың теңгеге дейін, төртінші және одан көп балаға – 175-тен 183,7 мың теңгеге дейін өсті.
Жаңа айлық есептік көрсеткіш мөлшері – 2 917 теңге. Еске сала кетсек, бұл сан жәрдемақылар мен басқа да әлеуметтік төлемдерді және де айыппұлдар мен салықтарды, жалпы бюджеттік алымдарды есептегенде қолданылады.
Табыс жайлы есеп беру міндеттеледі
Біртіндеп іске асатын табыс пен мүлікті декларациялаудың алғашқы кезеңіне мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары ілігеді. Соңғы сатыда халықтың барлық тобы кірісі жайлы есеп тапсыруға міндеттелмек. Мақсат – жемқорлықпен, көлеңкелі экономикамен күрес.