Шымкенттік сақшылар жер қойнауын қазып жатқан екі азаматты оқиға орнында ұстады, деп хабарлайды DalaInform polisia.kz-ке сілтеме жасап.
2020 жылдың 10 желтоқсанында Шымкент ҚПД ЖПҚБ табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері Шымкент қаласы экология департаменті, Шымкент қаласы Абай ауданы əкімі аппараты және Абай АПБ-ның учаскелік инспекторларымен бірлесіп, жедел алдын алу рейдтік іс-шарасын өткізді. Оның барысында Шымкент қаласындағы Қызылжар елді мекені арқылы ағып өтетін Бадам өзенінің жағасында Хундай маркалы экскаватор мен Shacman маркалы ауыр жүк көлігімен жер қойнауын заңсыз қазып жатқан екі тұрғынды құрықтады.
«Экскаватор машинисінің жергілікті тұрғын екені, ал Shacman маркалы ауыр жүк көлік жүргізушісінің Түркістан облысының тұрғыны екені анықталды. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы, 2-бөлігімен (мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) жоқ немесе пайдалануға тыйым салынғаннан кейiн немесе белгiленген тәртiппен тiркелмеген көлiк құралын басқару) әкімшілік хаттама толтырылды», – делінген ақпаратта.
Қоршаған ортаға келтірілген шығын көлемін экология департаменті анықтайды. Сондай-ақ Шымкент ҚПД ЖПҚБ табиғатты қорғау полиция қызметкерлері аталған жайтқа қатысты жинақталған құжаттарды қолданыстағы заңнамаға сәйкес шара қолдану үшін Шымкент ҚПД Абай АПБ-ның анықтау бөліміне жолдады.