Партиялық тізім 126 үміткерден тұрады. Олардың ішінде 77 кандидат партияішілік праймериз қорытындысы, ал 49 адам орталық партиялық квота бойынша анықталды, деп хабарлайды DalaInform.
Праймериз қорытындысы бойынша үміткерлер тізімімен осы жерден таныса аласыздар. Бұған қоса бұл сілтемеден орталық партиялық квота бойынша 49 кандидаттың тізімін көруге болады. Бұл тізімде Дариға Назарбаева, Асқар Мамин, Бауыржан Байбек, Нұрлан Нығматулин, Ералы Тоғжанов, Ахметжан Есімов, Тамара Дүйсенова, Бекболат Тілеухан, Дархан Мыңбай, Айдос Сарым, Саясат Нұрбек пен басқа да танымал саясаткерлер және азаматтар бар.
«Үміткерлердің жалпы тізімінде парламент мәжілісінің қызметтегі депутаттары 20%-тен аспайды, мемлекеттік басқару саласының өкілдері – 13%, білім мен денсаулық сақтау саласы – 12%, үкіметтік емес ұйымдар – 9% және өнеркәсіп – 8% болды. Сондай-ақ экономистер – 28%, заңгерлер – 20%, кәсіпкерлер – 17%. Ал 21 кандидаттың ғылыми дәрежесі бар, оның ішінде 10-ы – ғылым докторы, 11-і – ғылым кандидаты», – дейді партияның баспасөз қызметі.
Тізімнің үштен бірі – әйелдер. Үміткерлердің орташа жасы бұрынғы партиялық тізімдермен салыстырғанда 4 жылға төмендеп, 48 жас болды.
Атап өтсек, «Nur Otan» партиясының праймеризіне 10 мыңнан астам кандидат, ал республикалық онлайн-дауыс беруге 662 мыңнан аса адам немесе барлық нұротандықтардың 84%-і қатысты. Оның қорытындысы бойынша, 6253 адам «Nur Otan»-ның барлық деңгейдегі 216 мәслихатқа арналған партиялық тізіміне енді. Талдау көрсеткендей, өңірлік партиялық тізімдерде әйелдердің үлес саны 22-ден 34%-ке дейін, жастар – 3,5 есе, 7-ден 24%-ке дейін артты. Орташа жасы мәслихаттардың қызметтегі құрамымен салыстырғанда 7 жасқа – 51-ден 44-ке дейін жасарды. Партиялық тізімдердің 24%-ін мәслихаттардың қызметтегі депутаттары құрайды, ал 76% – жаңа тұлғалар.
Бұл ретте партияға 42 мыңнан аса жаңа мүше қосылды. Олардың 1000 астамы партияішілік сайлауға қатысып, әрбір 3-шісі «Nur Otan»-ның партиялық тізіміне енді.