Қырғызстан парламент сайлауы өтті деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Орталық Азиядағы неғұрлым демократия дамыған мемлекет саналатын Қырғызстанда өткен парламент сайлауында 120 орынға 16 партия таласқа түсті. Атап өтерлік жайт, бұл елде заң шығарушы орган бір палатадан тұрады.
Алдын ала 96% дауыс санын есептеу нәтижесі бойынша төрт партия жеңіске жетті. Оның ішінде алғашқы қатарға 25%-ға жуық көрсеткішпен «Биримдик» партиясы шықты.
Аталған партияның күнтәртібінде Еуразиялық экономикалық одақ аясында Ресеймен ықпалдасу жайы жиі айтылды. Мәселен, осыған дейін әлеуметтік желіде «Биримдик» партиясының жетекшісі Марат Аманқұловтың сөзі тарап, қырғыз қоғамы тарапынан ұлттық қауіпсіздікке қатер ретінде қатты сынға ұшырады. Саясаткердің өзі кейін бейнебаянды арандату деп бағалап, сөзі кесіп алынған деп ақталды.
«30 жыл тәуелсіздігімізде байқағанымыздай, ойланып, артта қайтатын уақыт болды. Еуразиялық аумақта тек бірлескен мемлекет дербес бола алады. Сол үшін, біз қырғыздар, субъекті ретінде жоғалмаймыз десек, ықпалдасуымыз керек», – дейді ол өткен жылы түсірілген бейнежазбада.
Қырғызстанның Ресейдегі бұрынғы елшісі Райымқұл Аттоқұров та қырғыздардың Ресей құрамына кіруді қалайтынын айтып, кешірек оны кейбір отандастарының пікірі екенін алға тартқан болатын.
Осы орайда, бүгінгі таңда көрші елде, ешқайсы парламентке өтпеген оппозициялық партиялар шу көтеріп, наразылық танытуда.