Мәжілісмен Ерсұлтан Бектұрғанов премьер-министр орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдап, автокөлік ұрлығы проблемасын көтерді, деп хабарлайды DalaInform парламенттің төменгі палатасына сілтеме жасап.
«Сіздің атыңызға сауал жолдауымызға көлік ұрлығынан жәбір шеккен азаматтардың өтініштері себеп болып отыр. Жалпы, кімнің болса да автокөлігінің жоғалуы және оның табылмай кетуі, жәбірленген жанұя үшін ауыр тиетіні белгілі. Оның ішінде, көптеген азамат үшін көлік қозғалыс құралы ғана емес, олардың отбасына түсетін табыс көзі мен бала-шағасын асырайтын күн көрісі», – дейді депутат.
Оның айтуынша, ішкі істер министрлігі ұсынған мәліметіке сәйкес, соңғы екі жыл және 2020 жылдың сегіз айы ішінде 5132 автокөлік ұрланып, оның тек қана 1922-сі иесіне қайтарылды. Оның ішінде: 2018 жылы – ұрланған 1909, табылған 1013; 2019 жылы – ұрланған 1490, табылған 671; 2020 жылдың 8 айы – ұрланған 1733, табылған 238.
«Осылайша, статистикадан көріп тұрғандай жылдан жылға табылған көліктердің саны азаюда. Мұндай көрсеткішке әкелген себептердің бірі – автокөліктерді екінші реттік есепке алу немесе шешу кезінде автокөліктің шанағы мен қозғалтқышының нөмерлік белгілерін визуалды тексеруді алып тастау. Бұл алаяқтар немесе көлік ұрлаушылар үшін үлкен мүмкіндік туғызып отыр», – деді мәжілісмен.
Оның пікірінше, ІІМ-нің 2015 жылғы 14 сәуірдегі №341 «Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы көрсетілетін мемлекеттік қызметтер стандарттарын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, 2018 жылдан бастап елімізде бастапқы тіркелетін автокөліктерден бөлек, шанақтың және агрегаттардың нөмерлік белгілерінінің сәйкестігін тексеру алынып тасталды. Аталған процедураны алып тастау, көліктерді екінші реттік есепке алу кезінде тұтынушыларға жеңілдік жасағанмен, ұрланған көліктің табылуына қиындық туғызып отыр.
«Олар құзыретті органдардың ешқайсысы нөмерлік белгілерді тексермейтінін біле тұра, өз схемалары бойынша әрекет етеді. Яғни, ұрланған автокөліктердің шанақ нөмерлерін өзгертіп, қиындықсыз қайта тіркейді. Құзыретті орган ұсынған деректерге сәйкес, соңғы екі жыл мен 2020 жылдың сегіз айы ішінде екі реттік санаққа қойылған көліктердің саны 2 325 820-ға жеткен. Оның ішінде: 2018 жылы – 628 282; 2019 жылы – 1 028 452; 2020 жылдың 8 айы – 669 086 автокөлік», – деді Бектұрғанов.
Оның айтуынша, бұл көліктің бәрі екінші реттік санаққа нөмерлік белгілерді сәйкестендірусіз қойылған және олардың ішінде ұрланған автокөліктер болуы мүмкін. Алайда, құзыретті орган шанақтың нөмерлік белгілерінің сәйкестігін тексергенде іздеуде жүрген көліктерді табу көрсеткіші айтарлықтай артар еді.
«Сондай-ақ, күш агрегаттарының номерлік белгілерін, атап айтқанда машина қозғалтқышын салыстырып тексеру мәселесін де қозғағым келеді. Бүгін қозғалтқыш автокөліктің қосалқы бөлігі саналып, ақау табылған жағдайда оны еркін ауыстырып, ресми түрде құжатпен тіркеуге болады», – деді депутат.
Оның пікірінше, аталған жағдай көлік иелеріне ыңғайлы. Алайда, бұл процедураның болмауы қозғалтқыш көлемін құжаттық рәсімдемеуге алып келуі мүмкін.
«Қазір қозғалтқыштың нөмерлік белгілері сәйкестігінің тексерілмеуі алаяқтық әрекеттерге қолайлы мүмкіндіктер туғызады деп ойлаймыз. Сондықтан баяндалғанның негізінде, шанақ пен қозғалтқыш нөмерлік белгілерінің түпнұсқалығы бөлігінде және автокөлікті екінші реттік қайта тіркеу кезінде сәйкестігін тексеруді қайта қолға алу мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз», – деді мәжілісмен.
Сөз соңында Бектұрғанов бұл қадам қайта тіркеу процесінің уақытын ұзартар, алайда алаяқтық әрекеттерге жол бермеу мен ұрланған көліктерді заңды иесіне қайтару мүмкіндігін ұлғайтатынын айтты.