Алматы облысында екі жастағы баланың өлімі ашылды. Оқиға туралы polisia.kz бағдарламасының кезекті шығарылымында айтылды, деп хабарлайды DalaInform.
2020 жылдың 5 қазанында сағат 16:00 шамасында Қаратал аудандық полиция бөліміне Үштөбе қаласындағы жеке үйлердің бірінен екі жастағы балғынның денесі табылғаны туралы хабар түсті. Аталған дерек қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігі (жас баланы өлтіру) бойынша тіркелді.
«Полицияға балғынның шешесінің туған әпкесі хабарласқан. Ол шілде айынан бері жиенін көрмегенін айтқан. Сіңлісі әпкесіне бүлдіршінді Талдықорғандағы жалдамалы тәрбиешіге бергенін айтып, үйіне кіргізбеген. Іштей күдіктенген əйел оның жоқтығын пайдаланып, терезе арқылы үйге кіріп, мұздатқыштан ұлдың мәйітін тапқан», – делінген ақпаратта.
Полицейлер дереу күдіктіні іздестіріп, бірнеше сағатта Үштөбе қаласының 27 жастағы тұрғынын ұстады. Күдікті ұлын өлтіргенін мойындады. Әйелдің айтуынша, ол баланың әкесімен ажырасқан. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.