Қызылорда-Жезқазған автожолында алдыңғы бөлігі өртке оранға жүк көлігіне тиелген 12 тонна пропанның жарылуына жол берілмеді деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Ағымдағы жылғы 13 желтоқсан 06 сағат 27 минутта 101 нөміріне хабар түскен беті оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндіру қызметі бірінші кезекте барлау жұмыстарын жүргізген.
Нәтижесінде «Азимут» ЖШС-не қарасты пропан тасымалдайтын 12 тонналық «MAN» маркалы автокөлігінің алдыңғы бөлігі жанып жатқаны анықталған.
Өрт сөндірушілердің тиісті іс-қимылының арқасында Шымкент қаласынан Ақшабұлақ кен орнына жолға шыққан автокөліктің артқы бөлігіндегі 12 тонна пропанның жарылуына жол берілмеді.
«Сағат 7-де тілсіз жау толығымен жойылды. Өрт салдарынан зардап шеккендер жоқ. Зерттеу сараптамасы арқылы өрттің шығу салдары мен шығыны сарапталуда», делінген хабарламада.