2021 жылдың 8 ақпанында Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстарының облыстық және республикалық маңызы бар автожолдарда қар құрсауынан 29 адам құтқарылды, 10 жеңіл және жүк автомашинасы мен автобус шығарылды деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлидің айтуынша, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге төтенше жағдай департаменттерінің, жол қызметтерінің күштері мен құралдары жұмылдырылды.
«Қазгидромет» РМК дерегі бойынша Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында 12 дауылды ескерту жарияланды.
«Қазіргі уақытта ауа райының нашарлауына байланысты (боран, қар, көрінудің нашарлауы, көктайғақ) еліміздің 5 өңірінде республикалық маңызы бар автожолдардың 9 учаскесі жабылды. Халықты эвакуациялау үшін жолдардың жабық учаскелерінде 108 жылыту пункті дайындалып, автомашиналар кептелісі орын алған жерлерде уақытша жылыту қосындары тұр (3 бірлік «Кунг» автокөлігі)», – дейді министрлік өкілі.
7 ақпаннан бастап ахуалдық орталықта республикалық жедел штаб жұмыс істеуде. Оның құрамына Төтенше жағдайлар министрлігінен тыс, «Қазавтожол» ҰК АҚ және «Қазақавтодор» ЖШС де кіреді. Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарында да осындай штабтар жұмыс істеуде.
Шұғыл жұмыстарға барлығы ТЖМ, ІІМ, жол қызметтері мен жергілікті атқарушы органдардан 372 адам мен 171 бірлік техника жұмылдырылған.