Түркістан облысының тұрғыны жүз бір жасында жаңа жеке куәлігін алды деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Созақ ауданының полиция қызметкерлері жергілікті тұрғындарға, соның ішінде қарттарға, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүмкіндігі шектеулі жандарға құжатын жасап беруге көмектесуде.
Осы мақсатта тиісті тәртіп сақшыларынанын құрылған мобильдік топ халық арасында сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, жеке куәлігінің мерзімі өткен, бір ғасыр жасаған әжені анықтаған. Содан кейін ақ жаулықты ананың қажетті құжаттарын жинақтап, фото-бейнеге түсірген.
Осылайша, Созақ ауданының тұрғыны Сырғакүл Керімбековаға, қайта әзірленген дайын құжаты табысталып отыр.
«Өз кезегінде 101 жасқа келген кейуана полиция қызметкерлеріне және оларды басқарып отырған басшыларына аналық алғысын жаудырды. Жұмыстарына табыс тілеп, шынайы ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді», – деп хабарлайды әріптестері.
Жалпы, Ішкі істер министрлігінен, құжаттарын рәсімдемеген немесе КСРО құжатымен қалып қойғандарға, егде жастағы жүріп-тұруы қиын қарияларға қатысты көші-қон қызметкерлерінен арнайы мобильдік топтар құрып, қажетті жұмысты жүргізу жайлы тапсырма түскен.